Астанада Қайрат Нұртастың 12-ші «Мен ғашықпын…» альбомы және жаңа ән жинағына енген «Мазала» әніне түсірілген бейнебаянның тұсаукесері өтті.

Осыдан үш ай бұрын Қайрат Нұртас өзінің инстаграм парақшасында оқырмандарымен «Менің жаңа әнім «Мазалашы» деп 15 секундтық видиомен бөліскен болатын.

Содан бастап Қайраттың өнерін сүйетін қауым оның жаңа әнін өте қатты күтті. Көп ұзамай «Мазала» әнінің толық нұсқасы да тыңдармандарға жол тартты.

«Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасының форматында өткен шараға келген Астана қаласының қонақтары мен тұрғындарының санында шек болмады.

Тұсаукесер басталардан бірнеше минут бұрын Қайрат келген тыңдармандарына ерекше сыйлық жасады. Яғни, ол өнерін ерекше бағалайтын жандарға 200 жаңа әндер жинағы мен 1000 дана өзінің журналын таратты.

Қайрат Нұртас: — Бүгінгі шара Шөмішбай Сариев көкеміздің сөзіне, Дәурен Шарипов ағамыздың әніне жазылған «Мазала» әнінің бейнебаянының тұсаукесеріне арналады. Ол бейнебаянды жақында Мәскеу қаласында түсіріп келген болатынмын. Режиссері Андрей Голубев. Ресейлік мамандардың жұмысы өте ұнады. Жұмыс істеулері біраз өзгеше екен және сапалы, жылдам. Бұл бейнебаянды бір күнде түсірдік. Сонымен қатар, «Мен ғашықпын…» деген жаңа ән жинағымның тұсаукесерін жасап жатырмын. Онда 100 шақты әнім бар.

Бұл кеште Қайрат Нұртастың жанкүйерлері онымен тек кездесіп қана қоймай Қайраттың қолтаңбасы қойылған ән жинағын өз қолынан алып, «Мазала» бейнебаянын алғашқылардың бірі болып көріп, шығармашылығының 10 жылдығына арналған интерактивті шоу концерті мен жоспарлары тура біріншілердің бірі болып естуге мүмкіндік алды.

Қайрат Нұртастың «Мазала» әнінің бейнебаяны жақын арада көрермендеріне жол тартады.

Айта кетейік, Қайрат Нұртас ең алғаш рет тоғыз жасында сахнаға шығып, бүгінгі күнге дейін 100-ден астам ән жазып, 12 ән жинағын шығарып Қазақ эстарасының «ханзадасына» айналып үлгерген жас әншілердің бірі. Ол 2013 жылы «Өкініш» атты фильмін прокатқа шығарып, өзінің киімдер желісі мен журналын да шығарып үлгерген жұлдыз.

Әншінің биылғы жылғы үлкен жетістігі    «МУЗ-ТВ 2015. Гравитация» сыйлығының «Қазақстанның үздік жыл әртісі» номинациясын жеңіп алуы болды. Сонымен қатар, Қайраттың досы Ринат Баситовтың айтуынша, Қайрат келер жылы өзінің туған ауылына мешіт салмақ…

« Предыдущий
Следующий »

Автор

Айнұр Марат Өзіңе тілемегенді өзгеге де тілеме. (c) Конфуций