Қазақ хандарына мекен болған Бурабай жеріне саяхат

Жақында Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Бурабай баурайында болып, үш жүздің басын қосқан данышпан Абылай хан мен қазақтың соңғы ханы Кенесарыға мекен болған өлке тарихымен танысып келген болатынмын.

Бүгінгі репортажымда оқырмандарымды кезінде қазақтың соңғы ханы Кенесарыға қоныс болған, қазіргі уақытта «Кенесары үңгірі» деген атпен танымал киелі мекенмен таныстырғым келеді.

Бурабай алақандағыдай көрінетін Кенесары үңгірі Бурабай көлінен оңтүстік-батыста 500 метр қашықтықта, орман ішінде тау шыңына қарай орналасқан. Жақпар-жақпар жартасты болып келеді. Солтүстік-батыс баурайы еңістеу, беткейлі, қалған бөлігі жарлы, асусыз.

Үңгір сегіз қанатты киіз үймен бірдей. Үңгірге кіре берістегі қуыстың биіктігі 3 метрдей. Ол екі бөліктен тұрады. Оларды бір-бірімен тар қуыс жалғастырады. Екінші бөліктен сыртқа шығатын ауыз бар. Негізгі үңгір дөңгелек пішінді диаметрі 5-6 метр, биіктігі 1-3 метр.

Төбесінде түтін шығатын саңылауы бар. Жергілікті халықтың айтуынша, бұл үңгір жылдың қай мезгілінде де жасырынуға ыңғайлы жер болған. Себебі күн ыстықта үңгірдің ішіндегі салқын, яғни температураның сыртқы температурадан айырмашылығы 2 -3°С болса, күн салқында ішін жылытуға от жақса оның түтіні сырқа тасты мұржадан шығамын дегенше сейіліп кетіп, сырт көзге көрінбей кетеді екен-мыс.

Тарихшылардың айтуынша, бұл үңгірде 1837 жылдан 1847 жылдарға дейін 10 жылға созылған патша отаршылдығына қарсы ұлт азаттық көтерілісте Кенесары хан жауын бақылап отырған деседі. Үңгір соғыс тәсілдерін қолдануға стратегиялық орын болғанға ұқсайды. Бір жағынан үңгірдің қалтарыс қуыстарының болуы жаудан тасалануға қолайлы болған.

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Әліби Ғазизұлы:
— Бұл жерді Кенесары Қасымұлы шамамен 1942, кейбір деректер бойынша 1945 жылдары мекендеген. Алайда ол бұл жерде не істегені, немен шұғылданғаны нақты белгісіз. Қазіргі уақытта халық осы Кенесарының үңгіріне қызықтап келіп қарайды, сиынатындар да бар. Жанында өсіп тұрған мәуелі ағаштарға тілек тілеп мата орап кететіндері де бар… Кенесары тарихта болған кісі. Елбасымыз ол туралы «Біздің нағыз батырымыз, ақырғы ханымыз» деп берген бағасы бар. Одан артық бізге не керек?! Есілдің бойында қазаққа жол сілтеп тұрған ескерткіші тұр. Ол қазақтың жері үшін, ынтымағы үшін жанын пида етті. Әйтпесе керемет бай, бәрі бар кісі болған. Ол оның бәрін тастап, елді қорғауды өзіне мақсат еткен. Ондай кісіге қалай сиынбайсың? Оның әрбір өткен жерін ол жүріп өтті десе соған басымызды июіміз керек деп білемін, — деп пікірін білдірді.
Жалғасы бар…

« Предыдущий
Следующий »

Автор

Айнұр Марат Өзіңе тілемегенді өзгеге де тілеме. (c) Конфуций